2024 жылдың 19 қаңтарында Шығыс Қазақстан облысы білім басқармасының «Örken» Шығыс Қазақстан өңірлік білім беруді ақпараттандыру және дамыту ғылыми-әдістемелік орталығы үздік мұғалімдердің алдыңғы қатарлы авторлық тәжірибесін тарату мақсатында «Авторлық бағдарлама – ізденістен нәтижеге дейін» («Үздік авторлық бағдарлама» республикалық конкурсының нәтижелері бойынша тәжірибе алмасу)атты онлайн-семинар өткізді.
Аталған іс-шараға 80-нен астам аудандық, қалалық білім бөлімдері әдістемелік кабинеттерінің әдіскерлері, жалпы білім беретін мектептер мен облыстың білім беру ұйымдары директорларының әдістемелік жұмыс жөніндегі орынбасарлары, мұғалімдер қатысты.
Семинар модераторы - Даурембаева Ақмарал Қанағатқызы, ШҚО ББ «Örken» Шығыс Қазақстан өңірлік білім беруді ақпараттандыру және дамыту ғылыми-әдістемелік орталығының педагогикалық тәжірибені, баспа қызметін жалпылау және таратудың әдістемелік бөлімінің әдіскері, семинардың басында облыстық конкурстың материалдарына қойылған талаптар және нәтижесі туралы айтып өтті.
Семинар барысында конкурс жеңімпаздары:
- Кадирова Зина Кадирқызы, ШҚО ББ Өскемен қаласы бойынша білім бөлімінің «№ 47 жалпы білім беретін мектеп» КММ физика пәні мұғалімі «Биофизика» курсының авторлық бағдарламасының әдістемесі» тақырыбында;
- Татманова Асига Акашевна, ШҚО ББ Самар ауданы бойынша білім бөлімінің «Ж. Болғанбаев атындағы Самар орта мектеп-лицейі» КММ тарих пәні мұғалімі «Авторлық бағдарлама – шығармашылық ізденістің жемісі» тақырыбында,
- Мукашева Меруерт Козыкановна, ШҚО ББ «Дарынды балаларға арналған Жамбыл атындағы облыстық мамандандырылған мектеп-гимназия-интернаты» КММ қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі «М.Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясы негізінде жазылым әрекетін дамыту» тақырыбында өз іс-тәжірибелерімен бөлісті.
Семинар қорытындысында ұйымдастырылған кері байланыста мұғалімдер семинардың тиімділігін және қажетті ақпарат алғандарын атап, спикерлерге ризашылықтарын білдірді.